ШЫМКЕНТТЕ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ӨТІНІШТЕР ТЕЛЕГРАМ-БОТ АРҚЫЛЫ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкент қаласында бүгін қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталды. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты грантқа өтініш білдіру онлайн форматта жүзеге асырылатын болады, – деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Азаматтардың құжаттары Telegram желісіндегі @enbekshymkentBot бойынша 2021 жылдың 26 наурызы 09.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылданады.

Осы грантқа құжат тапсыру шарттары туралы толық ақпарат беру мақсатында Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығының мамандары «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығына келіп, көпбалалы аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл жолғы құжат тапсырушылар ішінен 600 өтініш берушінің грант иесі атану мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жұмыссыз, әрі атаулы әлеуметтік көмек алып отырған, бір жасқа толмаған баласы бар аналар да құжат тапсыруына болады.

Бірақ әйел жұмыс істеп жүріп, декреттік демалысқа шығып, жұмыс орны сақталып тұрса грантқа құжат тапсыра алмайды, себебі жұмыссыз деп танылмайды. Грант иегері атанған АӘК алушылар үш айдың ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант қаражатының есебін беруі тиіс. Ал жұмыссыз ретінде өтініш беріп, грант алсаңыз жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, тек бірыңғай жиынтық төлем, яғни 2915 тг төлеп отырсаңыз да болады.

Сонымен қатар, кездесуде атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да сауалдар талқыланып, толықтай жауап берілді. Осы жылдың екінші тоқсанында АӘК автоматты түрде ұзартылмайтыны, қайтадан құжат тапсыру қажеттігі айтылды.

Айта кететін жағдай, тексеру барысында грант иегері грант қаражаттарын мақсатсыз пайдаланып, басқа бағытта жұмсағаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ